Алладан пайғамбарға келген аят,
Аят-мақы қолдағай бізді шаят,
Жазық өтсе кешіргей жаппар алла,
Айтайын өткен күннен бір хикаят.
Күндерді есітпеген көрді бұл бас,
Кез кетіп, естен шығып талай сырлас,
Өзім кетсем — артымда сөзім қалар,
Бір күні кетер өтіп өмірім тұрмас.
Талайы өткен сөздің құлағымда,
Көксаулар, жаңбыр жауса, шуағында,
Аяғын жиырманың ада қылдық,
Қоқанның үкіметінің уағында.
Ол уақыт бірдей екен тағыменен,
Айырылмай қара кетті ағыменен,
Жақсы іске, әділ сөзге жан ашырлар
Арманда өлді өтірік шағымменен.
Ләззаттың қартайған соң кетер бойдан,
Ұмыт боп жастағы күн кетпес ойдан,
Қоқанның әр жылына әдеті еді
Айырып зекет алмақ, жүрген қойдан.
Ықыраж шаһардағы танап еді,
Қазақ халқы үкімін қалап еді
Ел-елдің барымтасы көп болатын,
Көп ауыл аз ауылды талап еді
Қоқанды Құдияр хан сұраушы еді,
Алматы, Ақмешітпен қараушы еді,
Билеген Ташкендегі парманашы
Жарлығы біздің елге тараушы еді.
Әулиеата Ташкенде сарқар еді,
Олармен Түркістан да қатар еді,
Жазғырған сыпайыны пәткарда ғып
Үй көрмей Иткешуде жатар еді.
Құдияр хан залымдыққа болды табын,
Үкіметтің бұрынғыдай қылмай бабын,
Басына құтайтпады құдай бағын,
Мәллехан мініп қалды Қоқан тағын.
Құдияр хан Бұқар қашып Әмір кетті,
Мәллехан шариғатты қадірлі етті,
Көп қазақ байтабасын басына орап,
Ырайыс базаршыны жәбірлетті.
Түзеді үш жылғаша көп шалыстар,
Әр хан-ақ шариғатты солай ұстар,
Kісілер ілім білген ғазиз болып
Күшейді қазы, мүпті, ырайыстар.
Күшейді қазы, мүпті, ырайыстар,
Қайғырды Мәллеханға кәрі-жастар,
Мың екі жүз сексенге сана жетіп,
Орыстан Түркістанға келді ләшкар.
Кeмі жоқ Әлімқұлдың, адамқордан,
Жамандық жаза берді ісі зордан,
Пейіліне жараса уағында
Алты айлық, әскер келді Петербордан.
Қиратты атысқанды іліндірмей,
Тиген жерін қоймады бүліндермей,
Шекісті Шернәйіп пен Әмір ләшкар,
Қырылды екі-үш мәрте сырын білмей.
Қамалап Ақбұлақта ұрысты сарап,
Қоқандық әлдеқайдан келді парлап,
Бас болып Мызадәулет жүгіргенде
Салдаттан талай сарбаз қалды қирап.
Ұрысқан сабаз қырылып қалды демде,
Дұрыстық кем екен ғой қырғыз елде,
Өз қарасын көбейткен Байзақты
Әлімқұл ұстап алып қылды пенде.
Және бір Шәрнәйіппен қосын келді,
Бұ қосын тау жағынан тосын келді,
Жазықсыз Байзақты өлтіргені
Қоқанның дәулетіне кecip келді.
Атылды зеңбіректің даусы тынбай,
Қиямет күн болар ма cipә мұндай,
Көмеш қақпа жағынан көлденеңдеп
Онда қайрат көрсетті қыпшақ Мыңбай.
Орыс келді Шымкентке жуығынан,
Қоқан үрікті түсінің суығынан,
Сапарған ата қасында бір ұрыста
Мыңбайдың мылтық өтті қуығынан.
Ер Мыңбай жау жағына қалқа болды,
Ұрысқа оқ тиген соң арқа берді,
Нешеуін арыбадан шауып тастап
Есіл ер оқ тасалып қайта берді.
Мыңбай өліп Қоқанның қайтты бағы,
Ұрысар еді қалғанша қылыш сабы,
Хан болғаны қырғыздың Кecip болды
....зеттен озғандай бейне жаны.
Құдайым мұсылманға кecip қылды,
Көңілді қайыр діннің өсірілді,
Тастақ жақтан Шымкентке кіріп алып
Баласын мұсылманның жесір қылды.
Шернәйіп жандаралы шердей болды,
Қазақтың елі-жұртын тергей берді,
Әулиеата, Түркістан, Шымкентті алып
Тасырлап Төшкен жаққа өрлей берді.
Қоқан қорықты ұрысты көре-көре,
Әр кілтін қорғанның бере-бере,
Иқанның біp ұрысында ерлік қылды,
Баласы Кене ханның Сыздық төре.
Хандығы Әлімқұлдың кие болды,
Сыздықтың сол ерлігі жүйе болды,
Орыс барып Ташкенді алар жылы
Қайтқан баққа бес-алты ай ие болды.
Санасы сексен екі жетті жылға,
Сексен үште Тұзаққа қылды жүріс,
Шыбынтайдың көлінен қайтып келіп
Иіржарда патшамен қылды ұрыс.
Есіттік орыс басып келеді деп,
Маңданда қанша ерлер өледі деп,
Жиырма екі мың ләшкарға басшы болып
Алдынан жасақ тартты Алдиярбек.
Екі Дәрия мұз ұрып толысқандай,
Екі айдаһар бетпе-бет болысқандай,
Шернәйіп Бұқарамен ұрыс қылды,
Екі тау қарсыласып соғысқандай.
Шернәйіп су өрлетті парақотын
Қашырды Мұзаппар хан Бұқар жұртын,
Үстінде Иіржардың тұман болды
Бұрқырап зеңбіректен шыққан түтін.
Орыстың зеңбірегі ортаға ұрды,
Шашырығы тиген жерін жайпап қырды,
Атысып жарым сағат тап тұра алмай
Бұқардың патшасы жүз үйірді.
Шатыры мен қазынасын шашып кетті,
Сол жердегі ел атқа артып тасып кетті,
Бұрыннан соң қашпаған Бұқар жұрты
Бұл сапар Шернәйіптен қашып кетті.
Жатыр ек қазақ қолы қарауылда
Кемері Кербұлақтың қарауында,
Сырдан өтсек ел шауып, мал қуушы ек
Осы еді ғиззатымыз әр ауылда.
"Қашты" деп хабар жетті Мұзаппарды,
Шернәйіп Ұратөбе, Қожентті алды,
Алдиярбек батырды шәйіт қылып
Ақыры күз болған соң Тұзақты алды.
Хандар жүрді ысламның арын арлап,
Ici рауаж таппады құдай қарғап,
Қаттақорған, Самарқан оны да алды,
Қоқан барды орыстың бағы парлап.
Орысқа ерген пошталар алшақтады,
Олжа үлесіп таланнан арсақтады,
Мұзаппар хан лажы болмаған соң
Ақыры тарту тартып жан сақтады.
Орыс халқы өнерлі, айлалы да,
Азбен бірдей көп екен сыйлауы да
Аттанып Каупман мен Галабашев
Онан соң барып алды Қиуаны да.
// Майлықожа (шығармалар) жинап, зерттеп, құрастырған Әсілхан Оспанұлы. Алматы, 2005. 533 537 бб.
№160
АХМЕТ ТӨРЕГЕ
Шыбығы шырпылмай, қылауына қыл түспей Шымкентте оязда істеп жүрген Ахмет төре (Кенесарының туған баласы) ақыннан өзін жамандауын өтініпті. Сонда ақын қаймықпастан былай деп салыпты:
Ат болсаң болар едің таты ғана,
Болар ең қас кедейдің аты ғана,
Кебек көрсең кеңкілдеп үйден шықпай,
Көсеумен ұрар еді қатын-бала.
Түйе болсаң егерде жөн болар ең,
Аттан кейін есекпен тең болар ең,
Көктем шыққан уақытта өліп қалып
Қарға менен құзғынға жем болар ең.
Ит болсаң болар едің қылыш құйрық,
Дыбыс шықса жатар ең үйден үріп,
"Салақ әйел, ашық үй бар ма екен?" деп
Сүмеңдеп жүрер едің түннен тұрып.
Тақсыр-ау, үстіңізге кисең шекпен,
Қылып бейнет қолыңа алсаң кетпен,
Ат басқан құрбақадай бақыраяр ең,
Жаман жан болмас еді сізден өткен!
№161
Қонған жер Қаратаудың етегінде
Созақтағы Ахмет төре тойға шақырғанда Қаратаудан бастау алған мың сан өзеннің бірі Шәлкеден өтер кезде Майлықожаның айтқаны:
Қонған жер Қаратаудың етегінде,
Шәлкеден көлденең өтемін бе,
Барған соң төре ауылына қазы жерміз
Торы байтал жылқышы жетегінде.
// Майлықожа (шығармалар) жинап, зерттеп, құрастырған Әсілхан Оспанұлы. Алматы. 2005. 568-569 бб.
№162
СЫЗДЫҚ TӨРE МЕН АҒЫБАЙ
Шуыртпалы Ағыбай батыр Балқаш бойындағы Тасарал деген жерде қоныстап отырса сәлем беруге Сыздық төре келіпті. Сөз арасында Сыздық: Ағаке, өміріңізде не арманыңыз, не өкінішіңіз бар? — деп сұрапты. Сонда батыр: "Арман мен өкініш неге болмасын, анау қырғыз Алатауында қалған Наурызбайдың: "Ағаке" деген дауысы әлі құлағымнан кетпейді", - депті. "Бірақ Кенекем мен Науанды құтқарамын деп Арқадан қол жинап , Черняевті үш рет шаптым, Науанжанымның құны деп Кәрібоздың басын алдым",- деген екен. Сонда Сыздық төре айтыпты: "Ағаке, өкінішіңіз орынды екен . Кәрібоз Наурызбайдың құны емес еді. Мен бір қарт, қырғыз ақыннан Кәрібоз мен Наурызбайдың тарихын естіп едім, есімде қалған сөздері мынау:
"Үйіне Наурызбайды алып келді
Құр қайнап зығырданы, налып келді.
Сыншы еді, Кәрібоздың өзі шешен,
Сүйегін Наурызбайдың танып келді.
Тіктірді Наурызбайға бір ақ орда,
Көтеріп алты атан келді зорға.
Жау болып саушылыққа төременен,
Келген соң құрметтеді енді қолға.
Батырды сол ордаға кіргізеді,
Құрметпен кісілігін білдіреді.
Төренің қызметінде болыңдар деп,
Алдына екі жігіт жүргізеді.
Алдына жүргізеді екі жігіт,
Қолында екеуінің екі кілт.
Кәрібоз жігіттерге айтты келіп,
Қашады деп бұл төрені қылма үміт
Егер мен танысам төре қашпас,
Сендерден рұқсатсыз есік ашпас.
Кетпесіне сырттан соғып аңдыған жау,
Төреге біреулер дос, біреулер қас.
Ордада сол күтумен Науан жатты,
Көрмеді жаны төзіп рақатты.
Көңілі Наурызбайдың тасысын деп,
Әр түрлі сырнайлармен ән шырқатты.
Науанның бас көтеріп, тұрысы жоқ,
Ұйқы ұйықтап, тамақ ішкен тынысы жоқ,
Қаншама ойын күлкі етсе дағы,
Әсілі оныменен жұмысы жоқ,
Атасы хан Абылай дегдар — асыл,
Тараған тұқым шашып неше ғасыр.
Әзілден хан баласы еріге ме,
Солардан келе жатқан төре нәсіл.
Көңілі Наурызбайдың жабырқады,
Өткен күн ойға түсіп қамығады.
Елігіп төре назар салмаған соң
Кәрібоз ойнын таусып жалығады.
" Күнінде үш ай тоқсан қатады мұз
Батырмен дәм бұйырып татады тұз.
Көңілі Наурызбайдың көтерілсін,
Әр жерден таңдап сұлу салайын қыз".
Көңіліңе осылайша түсті қиял,
Төреден көрінбейді жанын аяр,
Түзетіп ажар-көркін қош иісі деп,
Алдына қыз, келіншек қылды даяр.
Қаламдай қасы қиғаш маңдай жазық,
Бұралған талшыбықтай белі нәзік.
Мысалы, пейіштегі қор қызыңдай,
Сипатын болар емес хатқа жазып.
Төренің қызыл жүзі оңа берді,
Ішіне қайғы-қасірет тола берді
Науанның оларға да зауқы болмай,
Сарғайып запырандай сола берді.
Науанның көңілі жарым, қайғы басып,
Әл кетіп, ақылынан тұр адасып.
Бір күні Кәрібозғa бір ой түсіп,
Ордаға кіріп келдің қадам басып:
"Мен келдім, төре, сені көрейін деп,
Хәліңді сау-саламат білейін деп,
Етіп ем ез ойымша cізгe қызмет,
Басыңды сау күйінде теңейін деп.
Ашық сөз, айқын көңіл көре алмадым
Етсем де жаным пида өлейін деп.
Бақсам да неше күндей елікпедің,
Басыңды бір көтеріп ерікпедің.
Рұқсат енді төрем берем сізге,
Кетуге ез жеріңе жерік пе едің?"
Сол уақытта ер Науан,
Көтеріп басын алады.
Кәрібозға қарады:
Сіздерменен жау болып,
Алатауға таластық,
Қосындап әскер шығарып,
Жағамыздан қарастық,
Бір киеге ұрынып,
Жолымыздан адастық,
Қараңғы түнде дүсірлеп,
Алатаудан біз астық,
Өзімнің басым аман боп,
Кененің қолда қалғанын,
Көре алмадым жарастық.
Он жеті жасқа келгенде
Алшайып атқа мініп ем
Жақсылы, жаман дүниенің,
Тамашасын көріп ем.
Айналысқан достардың
Тілегенін беріп ем.
Ерегіскен дұшпанды
Табанға салып жеңіп ем.
Басымнан бақ тайған күн
Хан Кенені ізденіп
Алдарыңа келіп ем,
Бастан ауды бағымыз,
Сөйлейді тіл мен жағымыз.
Мәлім шығар тәңірге,
Қара менен ағымыз.
Кәрібоз маған жауап бер
Осы күнде аман ба,
Ержан менен ханымыз?
Наурызбайдың сөзіне
Кәрібоз сонда бөгелді
Бөгелгеннің белгісі
Төмен қарап үңілді.
Төреге жауап бере алмай,
Қабырғасы сөгілді.
Кәрібоздың ыңғайын
Енді Науан таныды,
Үміт үзіп Кенеден
Ақыры өксіп налыды.
Хан Кенені қырғыздың
Өлтірген сынды сарыны
Уә, дегенде Науанның
Аузынан шықты жалыны:
"Он жеті жаста ат міндім
Жал-құйрығын сүздіріп.
Әуре қылды дүние,
Жер дүниені кездіріп,
Атам Қасым айтқаны
Жын салқыны батырлық
Ақыры болды мінекей
Туысқаннан бездіріп
Ағаны іні көре алмай,
Күдерімді үздіріп,
Кененің тұрып Кәрібоз
Болғанын тәні сездіріп,
Дүниенің білдім жалғанын
Жалған болып міне қалғаның,
Уа, дариға, дүние,
Көңілімде көпті арманым,
Бас-аяғы тоғыз жыл,
От болып лаулап жанғаным.
Он екі мыңдай ауыр қол,
Ертіп алып қасыма,
Алатауға таласып,
Қырғызға ойран салғаным,
Шығасына себеп боп,
Болмашы жерден дақ түсіп,
Кенекеңнің қолда қалғанын
Кенені іздеп мен келдім,
Өзімнің мұндай болғаным,
Атқан оққа Ташкендей
Кенекем еді қорғаным,
Қайран сабаз Ержекем
Шырайы еді орданың.
Осылардан айырылып,
Мін емес пе, Кәрібоз,
Арқаға менің, барғаным.
Алдыма түскен ханым жоқ,
Арқаға менің, бармағым.
Не де болса Кәрібоз
Енді мені қинама,
Ордаңда енді қалғаным,
Қолыңда жатып көремін.
Жаратқан хақтың салғанын",
Наурызбайдың сөзіне,
Кәрібоз қайран қалады,
Үйіне қайтып барады.
Ер Науанды құрметтеп,
Бұрынғыдай бағады.
Таза бақ деп төрені,
Қызметтерін салады.
Құлақ салса азамат
Асыл туған Наурызбай
Адамның ардагері еді,
Аға сұлтан Кенекең
О да бір асқан бел еді,
Хан Кенені ойланып,
Көңілінде толған шер еді.
Қайғы түбі қан деген,
Күннен-күнге ауырлап,
Төренің дерті үдеді
Бетінен қызып қан кетіп,
Денеден қуат, әл кетіп,
Енді терең жүдеді.
Енді сөздің қысқасы
Асыл туған Наурызбай
Өз иманын өзі айтып,
Ақырет сапар жөнеді.
Ұстағаны болмаса,
Қырғыздан қаза тапқан жоқ,
Өз бетімен өледі.
Көп жасаған қария,
Көп қыдырған азамат
Осылай өлді деп еді.
// Көкшетау газеті 1992 ж. 10 қазан
№163
Уақ-Есмағамбеттің Сыздық сұлтан жайлы әңгімесі
Кенесары, Наурызбай, Ержан, Құдайменді бас көтерер төрелер — бәрі қырғыздан қырғын тапты. Қалған қатын-қалаш, бала-шаға 12 жасар Сыздық төрені басымызға жыға қылып шаншып, қарсақша жалтақтап, қоянша жалтақтап, Бетпақтың шөлінде, Жеті Қоңырдың желінде жан сақтап күнелттік. Сөйтіп жүргенде "Әзірейіл барда жаным бар деме, Ақ жалау бар да малым бар деме" - дегізген Ақ жалау келді 500 кісімен фалхыд деді, қолбасы Қанағатша деген сарт болса керек. Жүзге жетер жетпес азаматпен алдынан қарсы шықтық, Сыздық төре жасы 14-те. Тұрысқан жеріміз Созақ маңайы. Екі жақ та ту көтеріп, айқасып қалғанда, Сыздық төре Қанағатшамен шаппа-шап келіп қалып, Қанағатшаны мұрттай ұшырды, найзамен шаншып түсірді. Сарт мергендері оқты жаңбырдай жаудыра бастады.
Сыздықтың туын ұстаған Уақ жігіті еді, оққа ұшты. Сыздық сол жігіттің сүйегін жерде қалдырмаймын деп, ат үстінен өңгеріп, алдына ала бергенде, қолының байланып, өзінің біреуді алдыма өңгеріп аламын деп айналып қалғанын көрген біреу найзамен өндіршегінен шашқанда найза шарт етіп сынды да, ұңғы темір Сыздықтың денесінде қалды. Сыздық қолға түсті. Созаққа апарып, сабан шанаға отырғызып қойды. Денеде қалған найзаның ұңғы темірін кемпірауыз тістеуікпен тартып суырып алып, уыс-уыс мақтамен тығындап, тірілей Қоқандағы ханға жіберді. Барған соң Қоқан ханы дәрігерлерге бақтырып, дәрі жақтырып, жазылған соң, Қанағат шаны шақыртып алып: "Сені мұрттай ұшырып, шаншып түсірген осы бала ма? — деп сұрапты. Жоқ бұл емес, -деп айта алмаған. Бұл мансап орын саған лайық емес, мына балаға жөн,- деп Қанағат шаның фансадылығын Сыздыққа алып беріп, торы арғымақ, алтын жабдық сыйлап, 500 басы қылған".
Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. 1175-ші папка М.Ж. Көпеевтің қолжазбалары. 7-9 беттер.
№164
Жапар төре
Кенесары ханның Жапар төре деген бір баласы Кенесарының өзіне еріп, соғысқа кіріп жүргенде, орыс қолына түсіп, тұтқын қылып, ақ патшаға алып барған. Сол замандағы орыстың сыншылары айтыпты: "Бұл хан баласы және өзі киелі екен. Мұны аттырсаң жұртың қырғынға ұшырайды, суға салсаң жұртың суға қарық болады. Отқа салсаң жұртыңды өрт алады. Бұған миын бұзатығын дәрі беріп, дәнеме басқара алмайтұғын қылып қоя беру керек!" - деген соң, сондай қылып қоя берген. "Бұл кісі өлтірсе, бұған сот жоқ. Мұны біреу өлтірсе, оған сот жоқ!" - деген. Шымкент, Сайрамдағы Ахмет, Тайшық деген бауырларын тауып, солардың қасында үйлі-баранды болып тұрды. Өзі өлгенше қасиетті, шарапатты жан болды деседі.
Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. М.Ж. Көпеевтің қолжазбалары. 1645-ші папка. 152 бет.
№165
Сыдық төренің ілгері қылған жұмыстары
Қоқанның әмірімен Сыдық төре Қаратаудың теріскей тарындағы Шолақ-Қорған һәм Созаққа әкім болып тұрғанда руссия дәулетіне жүріс қылып, Ақмешіттен шығып, Түркістанға келіп ұрыс қылды. Сыдық төре өзінің әкім болып тұрған Шолаққорған, Созаққа қараған елден қосын алып, Түркістанға келіп кіріп, Мырза Дәулет деген Түркістан әкіміне қосылды. Ұлы жүз халқынан қосын алып, Шаяндағы Қосым ишанның баласы Құрбан-хан Мағзұм һәм келіп, шаһардың ішінде қамал қылып жатқанда Сыдық төреге қосылып, бұлар һәм әр күні шаһардан атпен шығып ұрыс қылып тұрды. Бірнеше күнге шейін ала алмай, ақырында орыс әскерлері шаһардың сыртынан ақым қазып шаһардың тысындағы орға жақындағанын көріп, Мырза Дәулет, Сыдық төре, Құрбан хан Мағзұм, Жақыпбек Түркістанда әскер басы еді, бұлар баршасы ақылдасып, ақым қазып жатқан орысқа түнде жүгірмекші болды. Бұл мәселені бәрі мақұл көріп түн болған соң Сыдық пен Құрбанхан Мағзұм екеуі қазақ жігіттерін тысқа шығарып жаяу ақымда жатқан орысқа жүгірді. Орыс әскері олардан бұрыннан хабарланып тұр еді. Үстіне келгенде жердің астында жатып бірден мылтық атып мұсылманды табыт қылды. Құрбанхан Мағзұм акымның ішіне түсіп, орыстың бірнешесін өлтіріп, сол жерде оқ тиіп өзі шейіт болады. Сыдық төре қалған әскерімен қайтып барып шаһарға кірді. Ақыры орыстар шаһардың түбіне келіп, дәрі қоятын болған соң Түркістандық Жантай ақсақал деген дарбазасын түнде ашып беріп, орыстарды шаһарға кіргізеді.
Мырза Дәулет, Жақыпбек сарт қосынын алып, Сыдық төре қазақ қосынын алып, қайтып Шымкентке барады. Сол уақытта генерал Черняев Алматы тарапынан келіп, Әулиеатаны һәм алған еді. Екінші жылы қағаз қатынатып, уәделесіп, пәлен күні Шымкентте боламыз деп Әулиеатадан Черняев шықты. Түркістаннан бір бөлек әскер шығып Әулиеата қосынынан бұрын Түркістаннан шыққан қосын Ақбұлақтың үстімен келді. Сол уақытта Қоқанды сұрап тұрған молла Әлімқұл қалың қосынмен Шымкентке келіп жатыр еді. Орыс қосынының келе жатқанын естіп, Шымкенттің қыбыла тарапындағы Хатын көпірдің үстіне шыққанда, орыс қосыны һәм күнбатыс тарапта Сафархан ата деген жерге келіп еді. Екеуінің арасы дөп зеңбірек жететін жер еді. Сол жерде орыс қосыны тоқтап, топырақ қорған қылып,ішінде жатып мылтық, зеңбірек ата бастады. Молла Әлімқұл да зеңбірегін Хатын көпірдің үстіне қойып, екі жағы атысып тұрды. Қазақтың талапкер батырлары Сыдық төрені бас қылып ат қосып, топырақ қорғанның жағасына шейін барып ұрысып, орыстан өлтіріп тұрды.
Молла Әшімқұл сардарларының бәрін алдына шақырып алып, аз орысты бәрін бірден ат қойып алып беріңдер деп бұйрық қылды.
Сыдық төре айтты: адам нәбіт болады ғой, cіз орыстың ұрысын көргеніңіз жоқ, аз болса да мылтық атып адамды нәбіт қылады. Онанда Шымкенттегі үлкен зеңбіректі алдырып, топырақ қорғанның ішіне оқ түсіріп тұрсақ, өзі топырақтың астында жатып қырылады. Десе де, болмай, тез ат қойып алып беріңдер деген соң, кеп қосын қамап келіп, бірден ат қойды. Бұлар ат қойған уақытта мылтық, атпай орыстар қарап тұрып жақындап келген уақытта бірден зеңбірек мылтық атып еді, адамға тиіп, көп нәбіт болды.
Осы ұрыста Мырза Дәулет оққа ұшып еді. Сыдық төреге оқ тиіп, орыс мұсылманның арасында жаяу қалды. Сол уақытта Бердібек батыр деген өзінің бір жігіті ат алып келіп, мінгізіп жіберді. Көп қосын қырылып жайларына келген соң, молла Әлімқұл Сыдық төренің айтқаны рас екен деп және де Парманаш деген бір топшы басшысын үлкен зеңбіректермен алып келіп қатар қойып, орыстың топырақ қорғанына атып еді, оқтың шаңымен көрінбей кетіп көп орыс қырылып, азы қалған екен. Сол күні кеш болған уақытта Әулиеата тарапынан көп қосынмен Черняев бұрынғы аз қалған орысты қосып алып, өзі қайтып барып Түркістан жолының үстінде Қос диірмен деген жерге қонды. Молла Әлімқұл қайтып Шымкент барып түсті. Ертең таң атқан соң, Черняев бұрынғы қырылған орысты Түркістанға қайтарып, өз қосынымен Шымкенттің Әулиеата жағында осы күнгі қала салынған далаға келіп, сап құрып тұрды.
Молла Әлімқұл дарбазаны бекітіп, зеңбіректерді тамның басына орнатып, Мыңбай деген сардарына бір мың атты адам беріп, Сыдық төреге бір мың адам беріп екеуін қорғаннан тысқары Қошқар ата тарапында тұрмағына бұйрық қылып — Сіздер қарап тұрып, біз керней тартқан уақытта ат қойыңдар деп әмір қылған соң, бұл екі саргардарларда сап құрып тұрды. Черняев өз қосынын қатар қойып, қорғанға зеңбірек, мылтық аттыра бастады.
Молла Әлімқұл һәм қорғанның ішінде тұрып, зеңбірек мылтық аттырып біраз тұрып еді, бір уақытта орыстар Черняевтың бұйрығымен мылтықты жүре атып жақындай бастады. Жүгіріп атып ілгері келе жатқанда Жамалдар парманы зеңбіректердің бәрінің ішіне майда оқ салып, аузын орысқа қаратып атпай қарап тұрды. Орыстар мылтықты та-та жақындап келіп бірден "ура" деп жүгіріп қорғанның орнының жағасына жақындаған уақытта Жамалдар парманы бұйырып зеңбіректерге бірден от қойып атып еді, орыстардың оқ тиген-тимегені бірден тегіс жатып қалды. Сол уақытта ғана керней тартып еді, баяғы далада тұрған екі мың адаммен Сыдық төре һәм Мыңбай батыр бұлар да ат қойып, солдатқа араласып кеп нәбіт қылып қырған соң, солдаттар қайта қашып барып Черняевқа тығылды.
Сол ұрыста Мыңбай батыр шейіт болды. Онан соң Черняев кейін барып ілгері орнына тұрды. Черняев қайтып ұрыспай қалған қосыны мен қайтып Қос диірменге қарап жүрді. Мұны көрген соң молла Әлімқұл сарбаздарын арбаға салып, атқа мінгестіріп алып орыстың қатарына барып мылтық атып, ат ойнатып қатты ұрыс қылып, Қос диірменге шейін қуып барып бұрынғы орнына түсіріп, молла Әлімқұл өзі Шымкентке қайтты.
Сыдық төреге 100 адам беріп Черняевті күзетіп тұр, не қылар екен деп, Хатын көпірге қойып кетті. Сыдық Қос диірменнің жанына барып, түнде баршы салып отырып еді, түн ортасы болғанда Черняевтің Әулиеатаға қайтатыны мағұлым болды. Сыдық төре бір адамды молла Әлімқұлға жіберді. Жылдам келсін, Әулиеатаға барғанша артынан түссек орыстарды өлтіріп Черняевті бөнде қылып алармыз деп, өзі жүз адаммен артынан білдірмей жүре берді. Жіберген адамы молла Әлімқұлға айтқан соң барамыз деп саргардарларына айтқан екен. Олар мақұл көрмепті, қашқан жауды қума деп, Бұл орысты өлтіргенмен орыс таусылмас деп молла Әлімқұлдың тілін алмапты.
Сыдық төре Арысқа шейін артынан барып ертең түске шейін жүріп шаршап, жатып қалған екі орысты тауып алып, артынан кісі келмеген соң қайтып Шымкентке келді. Ол қыста Черняев Әулиеатаны қыстап қалды. Молла Әлімқұл Қоқанға кетті. Сыдық төрені өзімен бірге алып кетті. Сыдық Қоқанда тұрғанда молла Әлімқұлға Қашқардан елші келді. Бізді сұрап тұрған қытайға жау болып бұл жердегі Қытайдың бәрін қырып, Әзірет Аффақтың әулетінен біреуді хан қылып едік. Өкімет ісін білетін адамымыз жоқ. Ханымыздың қасында уәзір болып патшалық ісін жүргізетін бір адам беріңіз — деп. Молла Әлімқұл саргардарларының әрқайсысына сен бар деп еді, еш қайсысы бармады. Қытай үлкен патшалық өз мүлкін қайтып алады, барғанмен абырой таппаймыз деп. Сол уақытта баяғы Түркістанда әскер басы болып тұрған Жақыпбек Түркістанды орыс алған соң қашып Бұхараға барып, онан да абырой таппай қайтып Қоқанға келіп бекерге жүр еді Молла Әлімқұл саргардарларының мәслихатымен Жақыпбекті жіберелік, өлсе де әуре болса да осы барсын деп. Жақыпбекке айтып еді, болады барамын деп қабыл алды.
Сыдық төреден қаражат сұрап еді, сіз не себептен бармақшы болдыңыз деп сұрады. Жақыпбек айтты: Бұхарада бір әзиз адам күншығысқа барып үлкен боласың деп еді, сол үшін барамын деді. Сыдық төре қаражатқа елу сом беріп, қосын артатын түйе һәм беріп, керекті нәрселерін тауып беріп, шығарып салып қалды. Сыдық төре Қоқаннан қайтып Шымкентке келіп тұрды. Келер жаз болғанда Черняев кеп қосын алып Шымкентке келді. Ташкент әкімі мырза Ахмет құсбегі Қоқанда молла Әлімқұлға хабар жіберіп, өзі қолындағы қосынмен Шымкентке келіп қамал қылып, Черняевпен ұрысып тұрды. Орыстар неше мәрте жүгірсе де кіргізбей бір ай ұрысты. Сарттар біз де далаға шығып ұрысалық десе, Сыдық жібермейтін еді. Молда Әлімқұл келгенше қамал қылып тұрайын, ол келген соң оның айтқанымен болармыз деп. Бір күні мырза Ахмет айтты: Қошқар ата жаққа орыстар келіп жүр деп естідім, сіз хабар алып келіңіз деп, Сыдық төрені бұйырып жібереді. Сыдық төре кеткен соң саргардарлар далаға шығып ұрысамыз деп дарбазаны аштырып, сарбаздармен тысқа шығып, мылтық атқан екен, Черняев һәм солдаттарын жүгіртіп, атқызып, жақындап келіп бірден жүгіргенде сарт сарбаздары шыдап тұра алмай қашып дарбазадан кіргенде, дарбазаны жапқанша болмай сарбаздың артынан кіріп, бір сағатта Шымкентті алып қойды. Ішіндегілер қашып Ташкентке барды. Сол уақытта Қоқаннан молла Әлімқұл һәм көп қосынмен Ташкентке келіп еді Черняев бір ай шамасында Шымкентте тұрып, бір айдан соң жүріс қылып және Ташкентке барды. Ол жолы ала алмай, қайтып барып Шымкентте қыстады.
Молла Әлімқұл Ташкентте қыстап жатып, Сыдық төремен мәслихат қылып, Черняев Шымкентте жатқанда Сарыағаш жолымен барып Түркістанды алайық деп. Қысты күні халық хабарсыз жатқанда көп қосынмен топ зеңбірегін тастап, салт атпен молла Әлімқұлдың өзі жүріп кетті. Сыдық төрені алдына жіберіп, Шымкент жолын кеспек үшін әуелі келіп Иканды алып, Шымкентке адам жібермей тұрғанда, артынан келіп молла Әлімқұл Сыдыққа қосылды.
Бұл қосынның келгенінен хабар барып, Түркістаннан бір рота солдат шығып Иканға келе жатқанда, Иканның төменгі қасындағы осы күнгі Шоин мола тұрған жерге келгенде алдынан молла Әлімқұл шығып, бір күн, бір түн ұрыс қылып, ақыры Иканның ағаштарын кесіп алып келіп, арқанмен көп қылып будырып, он-он бес адам артынан домалатып жүретін қылып, бетіне тұтып домалатып, жақындап келіп, бірден жүгіріп орыспен араласып бәрін қырды. Ішінен 30 шамалы орыс қашып шығып Түркістанға бара жатқанда, Сыдық төре жалғыз өзі келіп: тоқта аман бердім, деп қол көтеріп еді, бәрі де мылтығын қойып қарап тұрды. Сол уақытта артынан келген сарттар мұны қырып тастамаймыз ба деп ұмтылған. Солдаттар қайтадан мылтығын қолына алып, жақындағанын атып тоқтатып, Түркістанға қарап жүре берді. Артынан молла Әлімқұл өзі келіп, ат жүгіртіп ұрысып жүргенде, Сыдық төренің аяғына оқ тиіп һәм аты оққа ұшып өлді. Сол уақытта Түркістаннан хабарланып бір бөлек солдат келе жатыр екен. Олардың қарасын көріп бұрынғыдай ұрысып жүре берді. Сөйтіп ұрысып келе жатқанда Сыдық төренің бір Айт дуана деген батыры солдаттардың алдына шауып барып, атын қаңтарып тастап жаяу жүгіріп барып, орыстың бір бастығын құшақтап жерге жығып басып жатты. Солдаттар өз басымен болып келе жатып бұған қарамай өтіп кетіп, әлгі орысты Айт дуана ұстап қалды. Сол ұрыстан он жеті орыс аман барып келе жатқан орысқа қосылды. Енді бұл келген орыспен ұрыспай, молла Әлімқұл, Сыдық төре баршасы бас қосып, енді не мәслихат қыламыз деп тұрғанда, бұларға хабар келді. Молла Әлімқұлдың Түркістанға кеткенін естіп, Шымкенттен Черняев шығып келе жатыр деп. Мұны естіген соң молла Әлімқұл Түркістанға бармастан Ташкентке қайтып кетеді. Сонымен қыс өтіп, жаз болған соң Черняев және жүріс қылып Ташкентке аттанып барады. Молла Әлімқұл һәм әскер жіберіп, алдынан қарсы шығып, далада бір баудың ішінде ұрысып жатты. Ташкеннің 12 дарбазасы бар еді. Дарбазаның бәрін көмдіріп, даладағы әскердің бәрін ішіне кіргізіп, әр дарбазаға 500-ден адам қойып, молла Әлімқұлдың өзі әр күні қыдырып жүріп, орыспен атысып тұрған сарбаздарға барып жақсы сөз айтып зор беріңдер, деп кетер еді. Сыдық төрені Черняевтің әскері түскен жақтағы дарбазаға қойып еді. Бұлар кешке шейін орыспен атысып, кешке қайтып келіп жайларына жатар еді.
Осы қалыпта ұрысып бір ай шамасында жатты. Бір күні молла Әлімқұл атысып тұрған сарбаздарға келіп, ат үстінде тұрып тағылым беріп тұр еді. Бір солдаттың оғы молла Әлімқұлға келіп тиіп, молла Әлімқұлды сагдарлар ордаға алып барды. Мұнан Сыдық төренің хабары жоқ. Молла Әлімқұл өзінің өлетінін біліп, ұрыста жүрген Сыдық төреге адам шаптырады, ол адамнан хабар тиіп Сыдық төре барғанша молла Әлімқұл дүниеден өтетін болған соң қасындағы саргардарларға айтады: "бұл жұртты мен Сыдық төреге тапсырдым, сол басшы болмаса өзгелерің басшы бола алмайсыңдар",- деп дүниеден өтеді. Сол уақытта Сыдық төре келіп... Ташкенттің барлық үлкен адамдарының бәрі де Ордаға тегіс жиналып қалған екен. Сыдық төре келген соң Ташкент жақсылары Сыдық төреге айтады: молла Әлімқұл дүниеден өтті, біздерге айтқан өсиеті бойынша молла Әлімқұлдың орнына сіз хан болдыңыз дейін. Сыдық төре айтады: "мен молла Әлімқұлдың орнына отыра алмаймын, басқа біреуіңіз болыңыздар, қай біреуіңіз болсаңыздар да алдыңызда жүріп қызмет қылайын", дейді. Сыдық төре бұл сөзді айтқан соң Абулқасым, Салбек Ахун екеуі Сыдық төренің екі қолынан ұстап алып барып молда Әлімқұлдың орнына отырғызады. Сонан соң жұрт бірден "мүбарак бат" деп дауыстап құтты болсын айтады. Сыдық төре хукумат өзіне тиген соң саргардарлармен ақылдасып, бірнеше қарт уәзір саргардарлар бар еді, бұларды орнынан тоқтатып, өздерінің баласын, інісін орнына қойып, оларға ингамлар беріп, түнімен осындай жұмыстардың бәрін де жаңадан істеп даярлады. Ертең таң атқан соң 12 дарбазаның адамдарын реттеп қойып, бәріне һәм алтын-күміс ингамлар беріп, әр дарбазаға қойылған адамдарға барып қыдырып жүріп осы қалыппен ұрысып жата береді. Түн болғанда һәм жатпай өзі барып дарбазада тұрған әскерлерге: әзір бол, уақыф бол, деп қарауылда тұрғандарға алтын – күміс беріп кетер еді.
Черняев молла Әлімқұлдың өлгенін, һәм орнына Сыдық төренің болғанын естіп, айтыпты: Ташкент өкіметі енді адамына барды деп. Бір күні Черняев Сыдық төреге хат жазыпты: орның құтты болсын деп. Және айтыпты: мына Ташкентті бізге ашып беріңіз, сізге кейбір шаһарды қаласаңыз соны берелік. Кейінгі әулеттеріңіз орыста өкімет тұрған уақытта сол шаһарға үлкен болып тұрсын. Осыған шартнама қылып, Ақ патшаның қолын қойдырып, мөр бастырып берейін деп. Және бірнеше шарттарды айтыпты, һәм және төменгі кіші жүзде тұрған төрелерден Елегей хан, Бабағали төре бұған ұқсас бірнеше төрелер біздің орысқа қарады. Сіз жалғыз өзіңіз Қоқанда не қыласыз депті. Сыдық төре бұл қағазға ешбір жауап бермей, бұрынғы қалыппен ұрыса береді. Сонымен қамал қылып бірнеше күн шаһардың ішінде жатады. Бір күні Ташкенттің үлкендері Абулқасым, Салибек ахун, бұған ұқсас адамдар баршалары Сыдық төренің алдына келіп кеңесіп, ұрыстан қамалып жатып тіршілік қыла алмаймыз, Бұхараға қарасақ Әмір бізге кеп қосын жіберсе, оның күшімен шаһарды сақтармыз деген сөз бәріне де мақұл келіп, әмірге елші жібереді.Біз сізге қарадық осы күнде бізді орыс қамап жатыр. Бізге қосын жіберіңіз, һәм келіп жұртқа еге болыңыз деп. Елші барған соң әмір айтыпты "Егер шынымен маған қарасаңдар Моллаханның баласын жіберсеңдер сонда сенемін", деп елшіні қайтарыпты. Сонан соң Ташкент халқы Моллаханның бір жас баласын елшіге ертіп жіберген соң Әмір Ташкентке әкім қылып бір саргарда жібереді. Мұны көріп Ташкент халқы қапа болып: "Біздің көңіліміз бұл емес еді, Әмір аз болғанда 12 дарбазаға 12 мың қосын жібереді деп ойлап едік. Біз бұл әкімге риза емеспіз, бұған өкіметті бермейміз", дейді. Сыдық төре айтты: әуелде уағда қылып елші жібердіңдер, енді уәдені бұзып болмайды, деп Ташкенді келген саргардаға тапсырады. Сыдық төренің өзі бір шетке барып, бір бауда, тыныштық қылып жатты және келген саргарда Сыдық төренің қылғанын қылмай, бұл һәм түскен ордада жатып 12 дарбазадағы ұрысып жатқан сарбаздарға бармай, адам жіберіп хабар алып тұратын еді. Бір күні Черняевтің қосыны Ташкенттің қыбыла тарапындағы біp дарбазаның адамы аз болып қалған екен, сонан кіріп Ташкенді алып қойды. Әмірдің жіберген саргардасы қашып шығып кетті. Сыдық төре бұлда шығып, Қоқанды тастап, Бұқар әмірше барды. Қоқаннан қашқан көп саргардарлардың бәрі де Бұқарға барды. Бұлардың ішінде көптің бірі болып артық дәреже таппай жүрді.
Ташкентті орыс алған соң әмір көп қосын жинап, өзі Ташкенге аттанды. Ішінде Сыдық төре де бірге жүріп, Самарқаннан өткенде ойына келді: мұнша қосыннан менің қылған кызметім мағұлым болмас, онанда дарияның бір жағын жағалап Түркістан үстіне барайын, деп өзі қазақ қосынын алып төмен кетеді. Әмір Майда Жыңғылда Кауфманмен кез болып, ұрысып, көп қырылып, қашып қайтып Бұхараға барады. Сыдық төре төмен жағалап бара жатқанда Шардара деген жерде жүз қаралы орыс кез болып, ұрысып, жарымынан көбін өлтіріп, өзгесі қашып, өлгеннің басын, атын алып, өмірге алып барып, тарту қылып, қашып барған көп саргардалар ішінде көзге көрініп әмірге қадірлі болып тұрады. Сол уақытта бұрын Бұқарға қарап тұрған Шарсабіз халқы орысқа қарамақшы болып, Жорабек, Бабабек деген әкімдері әмірімен жау болады. Орыспен ұрысқанды қойып, қалың қосынмен Шарсабізге аттанып келеді. Шарсабіз халқы дарбазасын бекітіп, шаһардың атырабына су жіберіп, жалғыз аяқ жолмен жүретін қылып, қамалып жатып бірнеше күн ұрыс қылды. Әмір бір биік төбенің басына шатыр тігіп, дүрбімен қарап отырып саргардарларға әрқайсысына кезегімен бұйрық беріп: бүгін бәленше қамалға барсын деп жіберетін еді. Сарт қосындары жалғыз аяқ жолмен қамалға барса да, жақындаған соң алдынан Шарсабіздіктер бірден мылтық атқан соң қайта қарай қашып жалғыз аяқ жолға симай, біразы суға жығылып, батпақтап зорға шығатын еді. Бір күні ұрыс болып тұрғанда Әмір бұйрық қылады: бүгін осы Шарсабізді алып беріңдер деп. Әмірдің бұйрығымен көп қосын тегіс атқа мінеді. Сыдық төре жігіттеріне айтты: бүгін жан аямай іс көрсететін күн, жандарың барынша ұрысыңдар,-деп. Аманжол деген бір батыр жігіт бар еді, соған айтты: сен менің алдымда жүр, сенің артыңнан мен жүрейін, өзгелерің араларыңды ажыратпай тегіс ат қойыңдар, құдай-аруақ жар болса абұйыр алармыз деп. Көп қосыннан бұрын жалғыз аяқ жолмен Шарсабізге ат қояды. Жақындағанда алдынан мылтық атса да, дарбазасын сындырып ішкері кіреді. Бұлар ішке кірген соң, сарт қосындағы да ішке кіріп. Шарсабізді алып, шаһарды талан қылып, басты адамдарынан бірнешесін бәндә қылып, саргардалар бір жерге бас қосып отырып: пәленше мұндай ерлік қылды, түгенше мұндай батырлық қылды, деп әр қайсысы саргардалардың атын жазып Шаһадат нәма қылып, бәрі де қол қойып, мөр басып және түскен бәндәлерді тарту қылып Әмірдің алдынан өткізбекші болып, Сыдық төреге сіз де қағазға қол қойыңыз дегенде, сагардаларға Сыдық төре айтады: патша барша фукаралардың атасы болады. Фукара баласы болады, баласы атасынан бір мәрте күнә қылды деп баласын атасына тарту қылғандарың маған дұрыс көрінбейді. Бір мәрте қылған күнәсін атасы кешер, мен бұған қол қойып мөр баспаймын, деп тұрып кетеді. Саргардалар айтады: жалғыз Сыдықтың мөр баспағанымен зияны жоқ, басқаларымыздың мөрімізде кифайя болады дер, қағаздарын қолына алып, бәндәларын артынан жүргізіп, әмірдің алдына алып жүреді. Жақындағанда Әмірдің алдынан бір жасауыл шығып келіп дауыстап айтады: Патша сіздердің бәріңнен риза емес, қайтсын дейді, деп қайтарады. Сыдық төренің қасына келіп: жалғыз сіздің қызметіңіз қабыл болады деп ақырын айтады. Және оның артынан бір маһарам келіп Сыдық төреге әр күн таң намазын бірге оқысын деп әмір айтты дейді. Мұның себебі әуелі дарбазаны барып ашқан Сыдық төренің қосыны екенін дүрбімен көріп отырған екен. Екінші — саргардаларға айтқан патша фукаралардың атасы болады, өз баласын атасына тарту қыламын дегендерің маған дұрыс емес деген сөзді уәкиянауыз Әмірге жеткізген екен. Сол сөз Әмірге манзур болған екен. Мұнан соң Сыдық төренің мәртебесі артылып, фаманашы амал береді. Әмір Бұқараға қайтып барған соң орыс Ходжакентті келіп қамады, деген хабар келеді. Әмір бірнеше саргадалармен Сыдық төрені қосып қалың қосынмен орыстың ұрысына жібереді. Көп қосын шаһардан шығып бір күндік жерге барғанда, алдынан хабар келеді: өткен күні Ходжентті алып қойды деп. Бұл хабарды естіген соң саргардалар қайтпақшы болады. Сыдық төре айтады: біз баста орыспен ұрысамыз деп шықтық енді бір ұрыспай қайтпаймын, деп өзінің 40 шамалы қазақ қосынымен көп қосыннан ажырап, түс болған уақытта жүріп кетеді. Бесін уақытта Бұқаралық Әбдікерім деген бір байға келеді. Сыдық төре айтады: біз сондай ұрысқа ниет ғазатқа барамыз деп. Бай мұны естіген соң бұларды көп сыйлап ат жемін беріп, өздеріне қой сойып беріп әбден күтеді. Әбдікерім бай айтады: таудың ішімен жүретін жалғыз аяқ жол бар, сонымен жүресіздер. Таудың жарым ортасында бір үлкен үңгір бар, бұрынғы заманда дәудің мекені екен, сол үңгірге барғанда аттарыңызға жем беріп, өздеріңіз тамақтанып алыңыздар. Әгәрдә онда дем алмасаңыздар, жол ұзақтық қылады. Жер ортасы сол үңгір деп дайындайды. Бұлар байдың қорғанынан кіші бесінде шығып, түнімен жүріп, түн ортасы болғанда айтылған үңгірге келеді. Сол жерге түсіп, аттарына жем беріп, оттатып, өздері тамақтанып және жүріп кетеді. Таң атқанда таудан шығып белдің үстіне шыққанда намаз уақыты болады. Сол уақытта күн бұлттанып, қар жауады, Сыдық төре айтты: осы жерде Бамдат намазын оқыйық,-деп. Бәрі де аттарынан түсіп намаз оқиды. Төменгі адай деген елден келген Баймұхамбет деген софы бар еді. Астында ала аты бар еді. Мұны ала атты Адай софы дейтін еді. Намаз оқып болған соң Адай софы айтты: тақсыр, сүйінші беріңіз, құдай қаласа осы жігіттердің жартысы я ғазы болады я болмаса шейт болады,- дейді. Сонан соң атқа мініп жүріп біраз жерге келгенде Хожент шаһарының қаласы көрінді. Қараса — орыс қосындары шаһардан тысқары шатырларын тігіп, қонып жатыр екен. Хисапсыз көп көрінеді. Бұлар жолды тастап шаһардың таң тарапынан жүріп бесін уақытта Ходженттің Ташкен жағынан шықты. Сол уақытта күн бесін шамасы болып еді. Қарда жауып тұр еді. Бұлар аз болған соң көрсе де ешкім жау деп ойламады. Сол уақта 20 нарға жүк артып 20 шақты солдат Ташкен жолымен шықты. Мұны көріп Сыдық төре айтты: жолдың екі жағында екі бөлініп тұрыңдар, мен "Аллаһу Акбар" дегенде ұмтылыңдар, - деп жігіттерін екі бөліп, екі жақта тұрды. Сол уақта орыстар шошақ тымақтарын басына киіп бет аузын орап жауған қардан бұйығып, жәй келе берді. Түйелерді қатарымен біреуі жетелеп бұлардың алдынан өте берді. Артқы солдаттар ортасына келген уақытта Сыдық төре "Аллаһу Акбар" деп бірден ұмтылып, солдаттарды ортаға алып, бәрін қырды. Түйелердің арқанын қыйып, жүктерін түсіріп тастап, айдап шығып енді жігіттерді түгелдесе, ала атты Адай софы көрінбейді. Қайда кетті деп тұрса, бір орысты қуып бара жатқанын көреді. Сыдық төре өкініп тұрды, орыстар хабар табатын болды ғой деп. Сөйтіп тұрғанда шаһардың шетіндегі бір шарбаққа барып екеуі де көрінбей қалды. Сыдық төре айтты: енді не болса Адай софының өлі-тірісін біліп кетейік,-деп қарап тұрды. Бір уақта Адай сафы орыстың атын қосарға алып қайта шауып келді. Әлгі орысты өлтіріп, басын кесіп алып, ұртынан тесіп ерінің басына іліп алыпты. Сонан соң бұл қырылған орыстың басын алып 20 нарды алып келген жолына қарап тауды бөктерлеп жүрді. Сол уақта күн намаздігер шамасында болып еді. Шаһардан бір жүз шамасында орыс шығып әлгі орысты қырған жерге келіп біраз тұрып қайтадан шаһарға кіріп кетеді. Сыдық төре жолсызбен келіп ілгері өздерінің келген жолына куфтан уағында келеді. Жолдың жақын жерінде бір бұзылған ескі қорған бар еді. Ол қорғаннан бір бөлек солдат шыға шабады. Сыдық төре атты, түйені бес-алты жігітпен ілгері айдатып жіберіп, басқа жігіттермен тоқтап тұрып орыс жақын келгенде "Аллаһу Акбар" деп қарсы ұмтылып, орыстармен араласып әбден құмардан шығып ұрысады. Арғынбекғали деген бір жігіті оққа ұшып өледі. Біраз ұрысқан соң орыстар қашып барып бір батпақ суға тығылып, батпақтап жатқан жерінде көп орысты өлтіреді. Батпақтан шыққан орыс шаһарға кіреді. Сол жерде бұлар қайтып, 30 орыстың басын һәм аттарын алып қайтады. Тарақты Есенгәле батырмен Сыдық төре екеуі жігіттердің артында қалып адам түгелдеп келе жатып әуелгі ұрысқан жерде бір тірідей жатқан қазақ жігітті тауып алады. Ол жігіттің иенінен қылыш тиіп кесіп түскен екен. Бұлар — сен кімсің деп сұраған екен, ол жігіт Ошақтымын деп жауап берді. Сыдық төренің Ошақты Арыстанбай деген бір жігіті бар еді, соның жақын ағайындары екен. Мұның жарасы жаман болған соң сол жерге тастап кетеді, өздері баяғы жүрген жолымен жүріп таң ата таудан шығып және Әбдікерім байдың қорғанына келіп жатып, ертеңіне Бұқарға барып, алып келген орыстың басын һәм түйе-аттарын Әмірге тарту қылған соң көп инғам беріп бұрынғыдан да мәртебесін үлкен қылады. Мұнан соң Кауфман Самарқанды келіп алып және Бұқарға қарсы жүріп, Катта-Қорғанда Кауфманмен Әмір кез болып, екеуі сап құрып зеңбірек, мылтық атып, екі жағының солдаты жақындаған соң бір-бірімен қарсы жүгіріп араласып аз ұрысқан соң Әмірдің солдаты қашады. Бұл ұрыста Сыдық төренің ағалары Арыстанбек, Әбілқайыр деген Көшек төренің балаларымен орталық бір биік жерде тұрған екен. Әмірдің әскері қашып, атты казак-орыс мұсылманды қырып араласып кетеді. Шаң аспанға шығып біреуді біреу білмейтін уақта Сыдық төре жігіттеріне айтады: жүріңдер, біздің жұмыс қылатын уақытымыз болды — деп жүріп бара жатқанда айтылған Арыстанбек, Әбілқайыр деген екі ағалары: екі қосының ортасында қырылып қаламыз, не жұмыс қыламыз, - деп адамның көбін тоқтатып қалды. Сыдық төре қасына ерген 100 шамалы адамымен солдаттардың артынан шаңмен араласып барып, кез-келгенін өлтіре береді. Артынан жау келеді деген ойында жоқ. Орыстар алдындағы мұсылманды қуып кете берді. Сол орыстардың топ зеңбірек артқан арбасы қашарларға жегілген бойымен бір жерде тұрған екен. Сыдық төре он шақты адамымен арбаны топ зеңбірегімен айдатып бір беті ашық жаққа жіберіп, өзі ұрысып жүре берді. Сыдық төре кез болған солдаттардан қашқаны алдындағы жүрген солдаттарға хабар беріп, екі жүз шамасында атты казактар атынан түсіп Сыдық төренің алдында тұрады. Сыдық төре мұны көріп бұрынғыдай басып кете алмай тоқтап, екі жағы атысып тұрады. Орыстың бір бастық төресі өзгелерінен елу-алпыс қадамдай алдында тұрып, кейінгілеріне дауыстап, аттырып тұр еді. Сыдық төренің қосынының ішінде Тобықты Жауке батыр деген жасы алпысқа келген еді, сол кісі атына қамшы ұрып, найзасын төсеп, жалғыз тұрған орысқа ұмтылады. Ол төре һәм қашпай, мылтықты атпай, қарсы қарап тұрды. Солдаттың бәрі де мылтықтарын атпай Жаукені сығалап тұрып, жақындағанда төренің айтуы бойынша бірден атады. Жауке батыр мылтықтан жасқанбай шапқан бойымен келіп орыстың төресін найзамен шаншып түсіріп, асықпай атынан түсіп, төренің беліндегі патроншасын, қолындағы мылтығын алып қайта атына мініп, төренің атын жетелеп, аман-есен кайтып келеді. Төресі өлген соң орыстар мылтық атып тобымен кейін қайтады. Сыдық төре де ұрыспай қайтып Бұқарға қарап кетеді. Сыдық Бұқарға барған соң өлтірген орыстың басын һәм аттарын алып, зеңбірек пен қашырларды бәрін алып барып, Әмірдің алдынан өткізеді. Сыдық төренің бұл қылған қызметіне артық риза болып, өзінен соңғы амалды беріп, қасында жалғас отыратын қылады. Самарқанды алған Кауфман Бұқарға жүріс қылмай, араға кісі салып сулихлық қыла бастайды. Сол уақытта Сыдықтың жақын адамдарының біреуі айтады: Кауфманнан сізді сұрап Әмірге қағаз келді, хабарсыз болмаңыз,-деп. Сөйтіп жүргенде бір күні оңашада Сыдық төреге Әмір айтады: Кауфман ceні сұрап, маған хат жазыпты мен тірлігімде бермеймін, сенің орысқа қылған жұмысың көп артық еді. Кауфманға батқандай көрінеді,- депті. Сыдық төре мұны естіп, бұл қалай деп, һауіп етіп, күш алып тұрған орыс қоймай сұраса, беріп жіберуі де ықтимал. Ертерек бойымды аулаққа салайын,-деп, бір күні әмірге айтады: маған жауап беріңіз, Қызылдың құмы Боқан тауындағы қазақтардан қосын жинап Қазалының тұсынан барып, сол жақтағы қазақтарға сөйлесіп, өзіңізге қаратып, кезі келсе орыспен ұрысайын,- деп айтқан екен. Әмір рұқсат беріп Сыдық төре өзінің адамдарымен көшіп, Бұқарадан шығып, Қызылдың құмына келіп қосын жинайды. Қазақтан екі жүздей адам жинап, Жауке батырдың інісі Өтетілеу батырды қасына ертіп, Қазалының тұсынан Қармақшыны алып, сол елді көшірмекке жүріп кетеді. Бірнеше күн жол жүріп, бір күні алдына қойған қарауылы келіп айтады: алдымыздағы Мыңбұлаққа бір бөлек орыс қонып жатыр екен,-деп. Бұл орыстың келген себебі Сыдық төренің аттанайын деп жатқанын Кауфман жансыздан естіп, қарауыл қылып ел шетіне жіберген екен. Сыдық төре қарауылдан мұны естіп, ақырындап, құмды тасалап қараса, орыстар шыбыннан қашып бұлақтан алысырақ бір құмның басына қосын салып аттарын суға жіберіп өздері екеу-екеу болып, әр жерге тамаша қылып, шылым шегіп, мылтықтарын әр жерге шошайтып қойған екен. Кейбіреулері шай қайнатып, кейбіреуі тамақтың қамын қылып ешнәрседен хабарсыз жатыр. Сыдық төре адамдарына айтты: осындай бейғам жатқан уақытта ат қойыңдар,-деп бұйрық қылып, бірден "Аллаһу Акбәр" деп, Абылайлап ат қойып, атпен солдаттардың арасына түсіп, аттарын алып, һәм бірнешесін аттарына жеткізбей өлтіріп, қанша мылтық алып, сол жерден бір қырғын ұрыс қылды. Солдаттар атынан айырылып бірлі жарым болмаса атының бәрін бұлар алып қойды. Сонан соң солдаттар бір төбенің басына шығып, атысып тұрды. Бір уақытта орыстың ішінен бір қазақ жігіт шыға шапты. Қолында ешбір қаруы жоқ, "Есет, Есет" деп ұран айтып, Сыдық төренің алдына келіп, атынан түсіп, Алдияр-тақсыр деп тұрды. Ол жігіттен Сыдық төре сұрады: сен бұл орыстың ішінде не қып жүрсің деп. Жігіт: мен жағалбайлымын, қалаға келген жерімде ықтиярсыз ұстап алып, орыстар басшылыққа ертіп алып жүр еді. Жаңа сіздер орысқа ат қойғанда, сіз екеніңізді танып, өлсем сіздің қасыңызда жүріп өлейін деп келдім,-дейді. Тақсыр, ендібір қызмет қылайын, маған бір мылтық беріңіз,-деген соң, Сыдық төре айтты мына орыстан түскен мылтықтан біреуін өзің таңдап ал,-дейді. Сонан соң әлгі жағалбайлы жігіт, өзі бір мылтық таңдап алып орысқа шауып барып, атып, әр атқанда біреуден-екеуден құлатып тұрды. Бұл ұрыспен кеш болып, орыстар төбенің басында жатып қалды. Сыдық төре қосынын бұлақтың басына түсіріп, түнімен екі жағы да от жағып қарауыл қойып шықты. Ертең қараса, орыстар бұрынғысынан азайып қалыпты, ор қазып, ордың ішіне біразы кірген екен. Сыдық төре қосынын екі бөліп, бір бөлігін орыстың арғы жағына шығарып, екі жағынан бірден ат қоялық,-деп өзі туын ала атты Адай сопыға берді. Өлсең де тудан айрылма,-деп. Сөйтіп, екі жағынан ат қойып, орыстарға араласып, қатты ұрыс қылды. Бір уақытта Сыдық төре жан-жағына қараса, қасында Өтетілеу батыр, жағалбайлы жігіт, Адай сопымен үшеуі қалыпты. Өзге қосын ілгері ат қойған жерге барып қалған екен. Сыдық төренің астындағы атына оқ тиіп, сол жерде жаяу қалады. Қасындағы жағалбайлы жігіт келіп, атының артына өзі мініп, Сыдық төрені алдына мінгізіп, аман-есен шығып, адамына қосылады. Бұл күні кешке шейін атысып, кеш болған соң және бұлаққа барып қонып жатады. Үшінші күні орыстар ордың ішіне барып кіріп, далаға шықпай атысады. Орыстар аштан һәм сусыздықтан өздері қырыла бастайды. Сыдық төре бұларға бір қағаз жазады: енді далаға шығыңдар, аман бердім,-деп. Бұл қағазды, жағалбайлы жігіт, найзасының ұшымен іліп алып барып, ордың ішіне тастап қайтады. Орыстар бұл қағазға жауап бермей жата береді. Орыстардың қаншасы қалып, қаншасы өлгені мағлұм болмайды.
Төртінші күні Сыдық төре бір қағаз жазды: енді далаға шығындар, аман бердім,-деп. Бұл қағазды, жағалбайлы жігіт, найзасының ұшына байлап алып барып, үңгірдің аузына тастап қайтады. Орыстар бұл қағазға да жауап бермей жата береді. Орыстардың қаншасы өліп, қаншасы қалғаны мәлім болмады. Сонымен, алты күн қамап жатты. Жетінші күні Қазалыдан үш жүздей солдат шығып келеді, -деп қарауылы хабар берді. Мұның себебі орыстар қамалып жатқанда түнде біреуін Қазалыға хабарға жіберген екен. Бұл барған соң шыққан солдаттар екен. Сыдықтың адамдары айтты: ордың ішінде орыстар аз қалды және азығымыз да таусылды. Жаңа келе жатқан тың орыспен ұрыспақ өзімізге қиындық болады деген соң, Сыдық төре мақұл болып, бұл жерден қайтты. Сыдық төре орыстан түскен ат, қару-жарақтарды, тірідей ұстап алған орыстарды Өтетілеу батыр мен Жорабек жүзбасынан Әмірге беріп жіберді. Өзі ел ішінде қалып және қосын жинап жатты. Сол уақытта Әмір мен Кауфман жарасып, Әмір орысқа қарап, Бұқарды әмірдің өзінің сұрауында қоймаққа шартнама қылған екен. Әмірдің үлкен баласы Төрехан бұл бітімге риза болмай Керменеге барып қосын жинап, Сыдық төреге қағаз жазып, адам жіберіпті. Менің атам бап болып орысқа қарап кетті, атаммен ұрысып, Бұқарды өзім алып, орыспен ұрысамын, Сізде қазақ қосынын алып, Бұқардың арғы тарапынан келіңіз,-деп. Оған Сыдық қағаз жазды: мен Әмірден бір түрлі жамандық көрмей, не деп жау боламын, һәм әмірмен ұрыспаймыз, шариғатқа да бұрыс болмаса керек,-деп. Бұл қағаз барған соң әмірдің баласы Төрехан молдаларды жинап, бір жүз алпыс ... мөрін бастырып рауаятты хат жаздырыпты. Әмір орысқа ұрыспай, өз ықтиярымен қарап бағі болған себепті мұнымен ұрыспақ уажіп. Өлтірсе қаны халал, деп. Бұл рауаятты сыдық төреге жіберген соң Сыдық биғылаж (илажсыз) аттанып, Үргеніш тарапынан бәлен күні барамын, сен сол күні кел,-деп әмірдің баласына уағда берді. Бұлардың бұл уағдаларын Әмір естіп, Кауфманға хабар беріп, Сыдықтың айтқан күнінен ілгері Әмірдің баласының үстіне Кауфман әскер жіберіп, Әмірдің өзі көп қосынмен Сыдықтың алдынан шығады. Әмірдің баласының үстіне барған әскер ұрысып, әмірдің баласын қалдырып, оған жиналған әскердің бәрі де Әмірге қайтып қосылып кетті. Әмірдің баласы жалғыз өзі Ауғанға кетті. Сыдық төре мұнан хабарсыз һәм жатқанда Әмірдің барлық әскері Кауфманның әскері екеуі қосылып Сыдықтың алдынан шығып, ұрысып, Сыдықтың әскерін қашырып, Әмір тұрған жерге қуып апарды. Бір жағынан Кауфман солдатын жіберіп,екі жақтап ұрысып Сыдықтың қосынын қашырды. Сыдықтың өзі де қашып, біраз адам барып Үргеніш ханына мәлім болды. Үргеніш ханы Сыдық төрені көп құрмет етіп, Амур дариясының бойынан жер беріп, дарияның екі жағындағы қызылдың құмындағы халыққа бастық қылып қойды. Бірнеше уақыт халық сұрап тұрды. Сол күндерде Руссия әскері Үргенішке жүріс қылып, Түркістан тарапынан Қызылдың құмының аяғымен Кауфман көп қосынмен келе жатқанын Үргеніш ханы естіп, Сыдық төрені қазақ қосынымен бұйырады. Сыдық төре құм ішінде Кауфманның алдынан шығып, әр жерден тосып, ұрысып, орысқа көп қиындық салды. Сол ұрыспен Сырдарияға құлап дарияның арғы жағына өткен уақта, Үргеніш ханы орыспен сулих қылып, шаһарды орысқа ашып береді. Сыдық бұл хабарды есіткен соң Дария жағасындағы тобықты Жауке батыр, Өтетілеу батырдың халқымен дарияны жағалап, өрлеп барып Бұқардың үстімен өтіп кетпекші болып еді, Әмірмен дұшман болған соң, Бұқардың үстімен өте алмай нағилаж (еріксіз) Сыр Дарья жағасында біраз күн кідіріп, Софыбек деген үлкен баласын қанша тартумен Әмірге жіберді. Әмір Софыбекті тоқтатып қойып, Сыдықтың өзін ұстамаққа көп қосын жiбepдi. Әмірдің қосыны Сыдық дарияның жағасында отырғанда келіп қамап алды. Сол уақта Сыдықтың қасында жүз шамасында жігіті бар еді Сыдықтың алдына Өтетілеу батыр, Жауке батыр баршалары келіп айтты: мына келген сарттарды қырып жіберейік,-деп. Көп болғанымен бізге қарсы тұра алмайды,-деп еді. Сыдық айтты — бұл қосынды қырып жібергенмен артымызда орыс қосыны бар, алдымызда Бұқардың қосыны бар, бір жағымыз Дария, бір жағымыз Қызылдың құмы-шөл, қайда барамыз. Онан да мен сіздерге рұқсат берейін, әр қайсыңыз өз жұртыңызға тарап кетіңіздер. Әмірдің қасты менде той. Мен қатын-баламды тастап, өз басым шығып кетейін, әгәр (егер) ажалым жетсе өлермін, ажалым жетпесе тірі қалармын,-деп барша жігіттеріне жауап берді. Жігіттердің ішінен Жорабек батыр, Жолдыбай, Мұхаммед, Райымқұл, Ырсымбет деген жігіттері: біз Сізден қалмаймыз, Сіз қайда болсаңыз, біз де сізбен бірге боламыз,-деп бірге жүрмекші болып, адам басына екі аттан, азықтарын көп қылып алып, таң намаз уағында қамап жатқан көп қосынға жақын келіп, бір адамын жіберіп, дауыстап айтты: міне, мен Сыдық төремін, қатын, баламды, үй-жайымды тастап кетіп барамын. Әгәрда ұстаймын десеңдер келіңдер, ұрысып қырмай,қолдарыңа түспеймін,-деп айттырып, қалың қосынды аралап, өте берді. Сарттар Сыдықтан қорыққанынан бір адам қарсы шықпай, ортасынан жол беріп, өткізіп жіберді. Таң атқан соң сарттар келіп, Сыдықтың ауылын көшіріп алып, қалған жігіттерін алып Бұқарға, Әмірге алып барады. Әмір Сыдықтың қатын-баласын бәнді ханаға жіберіп, жігіттерінің өзгесін қол беріп, жалғыз Өтетілеу батырды Кауфманға беріп жіберді. Бұл Өтетілеу батыр бұрыннан орысқа көп іc көрсетіп орыстың қолына түсіп абақтыда жатқанда бірнеше орысты өлтipiп қашып кеткен кінәсі бар еді. Кауфман мұны аттырып жiбepдi. Сыдық төре дарияны жағалап барып, қашқан ауылдың егіні пісіп тұрған бір eлcіз тоғайға келіп, аттарын бидайға байлап, өздері тоғайдан құс атып, қара құйрық, елік деген аңдардан атып, жеп жаздай жатып қар жауғанда қызылдың құмынан асып Түркменге барамыз деп күзге таман күн салқын болған уақта бір күні бұлар жатқан жерге қызыл құм тараптан қырық шамалы адам шығып келіп, дарияға құлады. Бұлар паналап жақын жерге барып қараса, бәрі де түркмен екен. Түркменше сөйлеген сөзінен мәлім болды ... Сыдық төре жігіттеріне айтты: біздің іздеп барамыз дегеніміз Түркмен еді ғой, бұларға барып жолығайық деп, тоғайдан шығып барады. Ол адамдар орыстан қашқан елден мал аламыз деген Үргеніш елінен шыққан жортуылшы екен. Бұларды көріп жөн сұрасып тұрғанда түркменнің біреуі Сыдық төрені таниды. Бұқарада Әмірдің алдында фарманашы болып тұрғанда Сыдық төрені көрген екен. Екі түркмен аттан түсіп, Сыдық төреге амандасып кеп ғиззат қылып сол жерде бірге жатып бұлар өздері сөйлесіп Сыдық төрені еліне алып қайтты. Ол уақта Түркмен елінің Қоюшти хан деген ханы бар еді. Сыдық төре барған соң халқын жинап маслихат қылып, Сыдықты Әмірдің қолында қалған қатын-баласын алып бермекке аттанбақшы болды.
... Барып ... ғұздарды шауып алып, адамдарын әcіp қылып алып, келіп, Әмірмен сөйлесіп, Сыдықтың қатын — баласына айырбастап аламыз деп. Бұл маслихатты халқы мақұл көріп, қол жинап аттанбақшы болды. Сыдық ойлады: түркімен барып ауыл шауып, адам олжаласа, онымен Әмір қатын-баламды берсе жақсы, бермесе, өлген адаммен, алынған малдың обалы менің мойнымда болса керек деп, Қоюшты ханға Сыдық келіп айтты: мен сізге ризамын, мен үшін Бұқарға аттанбаңыз, осы қыс тұрайын, жаз шыққан соң ауған тарапқа барамын деді. Түркімен ханы бұл сөзді мақұл көріп, қосынды тарқатып, Сыздықты өзінің Күлжамал айым деген үлкен әйелінің қолына қойды. Сыдық Күлжамал айымның қолында қыстай тұрып, жаз шыққан соң Ауғанға бармақшы болып түркімен ханынан рұқсат сұрады. Хан Сыдықтың қасына қырық адам қосып берді. Ауғанға еріп бармаққа. Бірнеше күн жол жүріп, Ауғанның бергі шетіндегі Хират деген шаһарда Жақып сардар деген ауған ханының баласы хакім болып тұр еді. Сыдық Хиратқа келіп, Жақып сардарға мәлім болды. Жақып сардар Сыдықтың Бұқарда тұрғанда қылған жұмысынан хабары бар еді. Сыдықты артық ғиззат қылып, қасындағы Түркіменнен келген адамдарды зияпат қылып, көп инғам беріп қайтарды. Сыдықтың өзіне һәм күн алатын уазифа дайындады және hәp күн қасына алып, сөйлесіп отырып, қатын балаңызды алып беремін деп уағда қылып, Қабілде (Кабул) жатқан атасына хат жазды. Сыдықтың қатын баласының Әмірдің қолында қалғанын айтып һәм адам жіберді. Әскер беріңіз, Бұқараға аттанып барып берсе-сұрап алып, бермесе ұрысып Сыдықтың қатын-баласын алып беремін деп, рұқсат сұрады. Оған ханы баласының бұл айтқанын қабыл алмай, менің алдыма тез кел деп ашу қылып, Жақып сардардың өзін Кабулға шақырды. Жақып сардар бұл хабар келген соң ғилажісіз атасының алдына бармақшы болып, Сыдыққа болған сөзді айтты. Мұнан соң Сыдық рұқсат сұрап, Қашқарда Жақыпбекке бармақшы болып ... бірге жүріп, қыс уақты еді, Қашқардың ауған тарапындағы Рірқұл деген шаһарға барып хәкіміне мәлім болды. Рірқұл хакімі Сыдықты артық ғиззат қылып, бір жақсы жайға түсіріп, Жақыпбекке Сыдықтың келгенін айтып, хабар берді. Жақыпбек артық қуанып, бір үлкен саргардасын екі жүз адаммен жіберіп, hәp күн қонатын һәм түстенетін жеріне үй тіктіріп, қанша ғиззатпен Қашқарға алып келді. Жақыпбектің өзі алдынан шығып, бір оңаша үйге түсіріп, көп ғиззат етіп, жеті һәмраларына қосып, Сыдық төремен сегіз һәмра болып тұрды (Ьәмра-жолдас). Жақыпбектің қолында бір қытай қызы бар еді. Сыдық төреге берді.Есімі Меруерт еді. Сыдық төре Қашқарда тұрғанда бір күні адамдары айтты: Хазірет Аппақтің хана қасында бір қалендер дивана бар. Күндіз-түні қыштың үстінде жүгініп отырады. Хеш бір тамақ ішпейді, қасында бір күшік иті бар, адамдар тамақ алып барса, тамақты ішпейді, берген нәзірді һәм алмайды деп. Сыдық төре барып көрмекке деп көңіл қылып жүрді. Жақыптың баласы Беккулы бек - мен де барып көремін, - деп Сыдықты тоқтататын еді. Бір күні Сыдықтың өзі қасына бір жігіт ертіп, дивананы көрмекке келе жатып, көшеде қасына күшік ит ерткен жалаң аяқ бір дивана келе жатыр екен. Сыдық төре көңілінде айтты: жұрттың айтып жүрген диванасы осы шығар деп, атынан түсіп, диванның қолын алып еді, Сыдықтың қолын мисалы от тигендей күйдіріп жібергендей болды. Сыдық дивананың тегін емес екенін біліп, тақсыр, біздің үйге жүрсеңіз деп өтінді. Дивана ойланып тұрып, барсам барайын деп Сыдықтың жататын жайына келді. Дивана айтты: мені адам көп бармайтын оңаша жерге кіргізіңіз деді. Сыдықтың өзінің отыратын мейманханасының алдында бір үжіре бар еді. Соған дивананы кіргізіп, диванадан сұрады: не тамақ жейміз деп. Дивана айтты: азғана арпа талқан болса деп. Сыдық жігіт жіберіп, қаладағы екі байдан арпа талқан таптырып әкеліп берді. Дивананың алдына басқа адам кіргізбей, Сыдықтың жалғыз өзі кіріп, диванамен сөйлесіп отыр еді. Сыдықтың үйінде дивана үш күн тұрды. Сыдық диванадан сұрады: менің қатын-балам Бұқарада Әмірдің қолында қалды. Қатын-балама қосыламын ба? - деп. Дивана айтты: енді алты айдан соң Жақыпбек бегіңіз өледі, сіздер бұл Қашқардан шығып, орысқа барасыздар, сіздің қатын-балаңызды Әмірден орыс алып береді деді. Сыдық айтты: мен осы күнде орыспен жау болып жүрмін, орысқа қандай қылып барамын? - деді. Дивана айтты: Сізді құдай барғызса, бір қолыңызды мойныңызға асып барасыз, дейді. Сонан соң дивана жүрмекші болды. Сыдық төре елу сом нәзір деп беріп еді, біз дүние алмаймыз деп, алмады. Дивана Сыдық төреге қош айтысып,қайта кетті. Мұнымен жаз өтіп, қыс түсетін уақыт болғанда Қытай әcкepі Қашқарға жүріс қылады деп естіп, Жақыпбек орнына Беккули бек деген баласын қойып, өзі әскер алып, Қытайдың алдынан шығып кетті. Қытаймен кездеспей жолда Жақыпбек өз ажалынан өледі. Мұнан Қашқарда тұрған Беккули-бек, Сыдық төре бұлардан хабары жоқ бейғам жатқан уақта, Қытайдың әскері Қашқарға кіріп қалғанын біліп қалды. Шаһардағы барша саргардалар қашып шығып кетті. Мұнан Сыдықтың хабары жоқ. Намаздігер уақытында бір жігіт келіп хабар берді. Шаһарды қытай алып қойды. Барша адамдар, саргардалар қашып кетті, - деп. Сыдық бұл хабарды естіген соң тездікпен аттанып, Жақыпбектің ордасына келсе, ешбір адам жоқ, бәрі де қашып кеткен екен. Сыдық төре Жақыпбектің қазына-хансына келіп, әртүрлі заттан алтын, күмістен алып, намазшам уақытында шаһардан шығып жүрді. Шаһардың көшесімен келе жатса, жүз шамалы Қытайдың әскері келе жатыр екен. Алдында ақ боз атқа мінген екі әскер басшысы келеді екен, бұларды көріп әскер басылар өзді-өзді сөйлеседі. Сыдықтың қасында бір дұнған баласы бар еді. Сыдық төре сұрады: қытайлар не сөйлесіп келеді деп. Дұнған бала айтты: мына әскер басылар сізді мылтықпен ат деп әскеріне айтып келеді, - дейді. Сыдық төре бұл сөзді естіген соң, бұлардан мен бұрын атайын деп, қолындағы қосауыз мылтықпен әскер басының біреуін атып құлатты. Екінші біреуін және атып құлатты. Мұнан соң Сыдық жігіттеріне айтты: жүріңіздер енді деді. Сыдықтың жігіттері топтанып қытайдың ортасынан жүріп кете берді. Ешбіреуі зиян қылмай аман-есен шығып кетті. Бұл уақта қас қарайып, түн болып қалып еді. Шаһардың шетіне шыққанда бір бұзық шарбақтан өтіп бара жатқанда, бір қытайдың мергені жатып қалған екен, Сыдықты атып еді, сол жақтағы қолына тиіп,оқ өтіп кетті. Сыдық қасындағы жігіттеріне оқ тигенін білдірмей жүре берді. Сонымен шаһардан шығып, түнімен жүріп, таң атқан соң хабар алса, Жақыпбектің баласы Беккули-бек орысқа, барлық әскермен қарап кеткен екен. Сыдық ғилажисіз бұл һәм орысқа қарап жүріп Ош деген Қоқанның шет шаһарына келіп, хакиміне мәлім болды. Оштың хакемі Кауфманға хабар беріп, Кауфман Сыдықты алдына алдырып, қолын қарауға доктор дайындады. Кауфманның алдына барғанда, оқ тиген қолын мойнына асып барып еді. Сонда Сыдықтың көңіліне келді: баяғы дивана бір қолыңызды мойныңызға асып барасыз деп айтқаны осы екен. Мұнысы заир керемет болды, - деп, кеңіне келді. Доктор Сыдықты қарап, жетпіс күнде қолы жазылып қалпына келді. Онан соң Кауфман Сыдықты алдына алдырып келіп, өзі сөйлесіп ілгері Руссия дәулетіне қылған кінәсін кешіп, Бұқардағы әмірдің қолында қалған қатын-баласын алдырып, Шымкент шаһарында помощник болып тұрған інісі Ахметтің қасында тұрмағына мархамат қылды.
Сыдық Шымкентке жүрмекші болып тұрғанда баяғы дивана және келіп Сыдыққа жолықты. Сыдық төре сұрады: тақсыр, не жұмысқа келдіңіз, қайда едіңіз, - деп. Дивана айтты: Cіз қатын-балаңызбен қосылғаныңызға құтты болсын айтқалы һәм ініңіздің алдына баратын болған соң амандасып қалғалы келдім, - деді. Сыдық диванмен хош айтысып, дивананы шығарып салды. Мұнан соң Ташкенттен шығып, 1879 жылы бірнеше күн жүріп, Шымкенттегі інісін қасына келіп, бірнеше уақыт күн кешірді. Онан Шу бойын қыстап жайлап жүретін ағайындарының ішінде шаруалық қылып жүрді. Шудағы ағайындарының ішінде жүргенде 1904 жылы офат болып, Түркістан хукуминдегі машһүр болған Исхақ бапқа дафин етілді. Осы уақытта Жақыпбек алып берген Меруерт есімді әйелінен Сали ecімді бір бала қалды. Басқа балалар опат болып кеткен.
Сыдықтың төрт әйелі бар еді. Бірінші әйелі Сыр Дарья мәнзілінде жүретін Қара бастың ауылы Мәлік төренің қызы. Есімі — Бидігүл еді. Екінші әйелі — Арқа тараптағы төрелердің қызы, есімі - Күнтай еді. Үшінші әйелі - өзі Түркіменде тұрғанда Амудариясының жағасында отыратын Адай деген халықтан алған еді. Есімі Гүлқаныс еді.
... Хан ауылы ...
Кинемехте қызметте тұрып, Аму дариясының жағасындағы Адай еліне қызмет тұрасында барған. Сонда Сыдықтың Адайдан алған әйелі ирчидермен танысып, амандасқан, сол уақта жасы 70 шамасында екен. 25-ші жыл еді. Бұл әйелі Әмірдің қолына түскен соң, Әмірдің рұқсатымен өзінің төркіні Адай еліне барған екен. Төртінші әйелі Жақыпбек алып берген қытай қызы, есімі Меруерт еді. Сыдық төре Шымкенттегі інісінің қасында отырғанда Ташкентте тұрған князь шақырып алып, өзімен бірге Қазалыға алып барған жолда Мыңбұлақтың атрапында, бір станицияда қонып жатқанда, түнде Сыдық жалғыз өзі отыр еді. Бір ақсақалды орыс "Ассаламағаләйкум" деп кіріп келіп, Сыдықтың қолын алды. Бір подносқа екі бөлке нан, бір тарелкеге қант салып, бір стақан шай алып келіп, Сыдықтың алдына қойды. Сыдық төре — сен кімсің? - деп сұрады. Орыс айтты: тақсыр, мен баяғы Мыңбұлақтағы қырылған көп солдаттың біреуімін. Және сіздің келгеніңізді естіп, сізді көремін деп келдім дейді. Сыдық төре мұның жәйін сұрап отырып: сендер баяғы ұрыста үңгірге қамалып жатқанда мен бәріңе аман бердім деп қағаз жазып жіберіп едім. Не себепті шықпай қалдыңдар? - деді. Орыс айтты: Сіздің қағазыңызды көрдік, біразымыз шығайық дедік, біразымыз шыққанды мақұл көрмедік. Сыдық төре аман бердім деп айтқанымен, қасындағы қазақтар бізді өлтіреді, онан да үңгірде жатып өз жайымызға өлгеніміз жақсы деп шықпай қалдық, - дейді. Сыдық төре сұрады: үңгірден қанша солдат шықтыңдар, - деп. Орыс айтты: бәріміз де аштан өліп қалған екенбіз, Қазалыдан келген солдаттар үңгірде ыңырсып жатқан біздерді далаға шығарып қараса, бәріміз де шала жансар болып қалған екенбіз. Аузымызға су тамызып, тірілтеді. Сол солдаттан он сегіз солдат тірілді. Басқасының бәрі де өлді, - дейді. Сыдық төре ол орысқа он сәр ақша беріп қайтарды. Осы жазылған сөз Сыдықтың өзінің аузынан естіген сөз. Мұның қатесі жоқ.
Әзімхан Ахмедұлы Кенесариннің жеке мұрағатынан 1996 жылы 17 қаңтарда араб графикасынан кирилицияға аударылған (Алғашқы нұсқасы мына еңбекте жарық көрді. Н.А. Кенесариннің О деятельности Кенесары хана по царским документам. Алматы 2001. 236-254 бб.)
№166
Сұлтан Сыздық төренің тарихы
Абылай дүниеден қайтқан соң, орыс өкіметі қазақты қыса бастап Көкшетау сияқты қазақтың орталық бөлік жеріне қала салған. Сөйтіп қазақты патша өкіметі құлдыққа айналдыра бастаған соң, Абылайдың қалмақ қатынының баласы Қасым бұл қорлыққа шыдамай, Абылайдың өмірі жетіп істей алмай кеткен, екінші мақсатына кірісіп, Қоқан ханынан жәрдем алмақ болып Есенгелді, Саржан деген балаларын Әулиеатаға жіберіп өзі Түркістанға келген. Бұл уақытта ұлы жүздің бір қатары Қоқанға, ол басып тұрган кезі еді, сондықтан қазақтарды бізден ажыратып әкетті деп. Есенгелді мен Саржанды Әулиеатада өлтірген. Қасымның өзіне у беріп Қарнақта өлтірген. Қасымның оқуда жүрген кіші баласы Кенесарыны ұстап алып зынданға салған. Кенесары Қоқанның зынданынан шығып, ата жолын қуып қазақтың баласын құлдықтан құтқару жолында жүріп, 1847 жылы қырғыздар қолында опат тапқан.
Кенесары өлген соң қалған жас балалары өздеріне қарасты ең жас әйелі мен бірнеше жыл Сары су бойын отан қылып тұрған. Балалары өсіп оң солын таныйтын болған соң, Сары суда елін жинап кеңес қылған. Бұл кеңесте жас төрелер қанша дегенмен мұсылман ғой, Қоқанның жәрдеміне барайық екі жақтан қысып, келе жатқан мұсылман елін орыс патшасының құлдығынан құтқару үшін қылыш шабайық деп қасына жүздей жігіт алып Әулиеатада тұрған Қоқан әскеріне келген. Әскер басы төрелерді қош алып Алматыдағы жатқан орыс әскерімен ұрысуға барамыз. Сіздер қазақтың ханзадасысыздар сондықтан барлық қазақ әскерін сендер бастап жүріңдер деп бұларды ертіп аттанған. Мерке, Қарабалтадан өткен де төрелерге сіздер қазақ ел жағдайын жер жағдайын жақсы білесіздер барлық қазақ датқалары мен әскерін ертіп, ілгері барып орыстан хабар алып келіңдер мен көп әскер мен арттарыңнан жүремін деген. Бұған төрелер жақсы болады деп барлық датқаларды қазақ әскері мен ертіп, Алматыға қарай жүріп берген. Ұзынағаш деген жерге келгенде қарт датқаларды көп қосын мен сонда қалдырып, төрелер өздері елден келген жүз шамалы жігіттерін алып, Алматыдан бір хабар алып келейік деп ілгері жүрген. Ол уақытта орыстар Алматыны алып жаңадан орналасып қала салып жатқан кезі еді. Малын жайып қойып, өздері там тас салып, еш нәрседен бейхабар жатқан орысқа келіп тиіп, бір нешесін өлтіріп, бір нешесін тұтқынға алып қанша малын қуып олжалап, Қоқан әскер басына тарту қыламыз деп өлген орыстардың бастарын түйеге артып, тұтқындарды малымен алып кейін қайтқан. Қоқан әскерімен ажыраған жерге келсе әскер жоқ. Жергілікті елден сұрастырса төрелерді қазақтармен ілгері жібере салып Әмір ләшкер барлық қосынын алып кейін қайтып кеткен. Қарабалта я Меркеде бізді күтіп жатқан шығар деп, Қарабалта, Меркеге келсе онда да тоқтамай Әулиеатаға кеткен. Артынан Әулиеатаға келсе, мұнда да тоқтамастан Ташкенге қарай жүріп кеткен. Әмір ләшкердің төрелерді қазақтармен орысқа алдап жұмсап жібергені әйгілі анықталған, Қоқан хандығынан кейін қалып датқалармен қош айтысып төрелер Сарысуға еліне қайтқан.
Қоқанның Қасымға, Кенесарыға қылғандары есіне түсіп, өздерін алдағанын көріп, Қоқан бұларға ел болмастығына көздері жеткен. Ежелгі дұшпаны орыс болса, ол күнде екі жақтап бірі күн шығыстан, бірі күн батыстан шығып Түркістанға ат қойған. Ортада аз елмен Кененің жас балалары қалған. Кіші жүздің жақсылары төрелер мен орысқа күн батысқа басшылық еткен. Ұлы жүздің Аққойлы, Құдайберген датқа сияқты шонжары орыстың күн шығыс әскерінің шылауында болған. Аз елмен ортада қалған төрелер қайтсек елімізді қатын баланы аман алып қаламыз деген пікірге келіп, елінің қарияларын жинап, кеңес қылып, орысқа елші жібермек болып, Сыздықтың кіші інісі Жәкей төрені елші қылып қасына 10-15 жігіт қосып Ақмешітте тұрған орыс әскер басына жіберген. Жәкей төрені орыстар қарсы алып күтіп бізге келсеңдер ел, жұрт, мал бастарына аман береміз, өздерін қызметке аламыз деп астына ат, үстіне тон кигізіп, беліне қылыш байлап қайтарған. Қолына әскер басы мөр басып, сол әскердегі орта жүз кіші жүздің барлық ақсақалдары, төрелері мөрлерін басып хат берген. Жәкей елшіліктен қайтқан соң ел басшыларын қайта жинап тағы мәслихат құрған. Орыс үкіметі елге аман барып оған кіші жүз бен орта жүздің жақсылары күлкі қылып отырған соң, бастығы Сыздық болып барлық төрелер елі мен орысқа бармақты мақұл көреді. Ел жиналып жүруге даярланғанда Сыздық мынадай пікір қозғайды: "Ел жұрт болған жерің түгел барыңдар. Мен әліде болса мұсылманның қылышын шауып көрейін, сендер түгел барсаңдар бір мені жоқтай қоймас. Мұсылманға құдай абырой беріп орысты қайтара қалса мен сендерді аман алып қалуға жарармын. Егер абыройды орыс алса жалғыз менімен ел кемімес те артпаста. Дұшпанның сыртында болғанша ішінде бол деген, сендер барыңдар деп, өзі Қоқан қолымен қосылып орысқа қарсы шықпақ болған. Сыздықтың мұсылман жәрдеміне бармақ болып, елді жинап қоштасып Қоқанға жүруге ордада отырып алдына бір шара қымыз алып кесеге құйып, кім менімен бірге баратын болса, қолымнан келіп қымыз ішсін де, далаға шығып ат ерттесін деген. Сонда жігерлі батыр жігіттерден қырық жігіт келіп, қолынан қымыз ішіп, баратын болған. Ақырында бізде сіз өлген жерде өлеміз деп екі қатыны да келіп қымыз ішіп бұларда жүрмек болған". Сөйтіп Сыздық қырық жігітімен Түркістандағы Қоқан әскеріне барып қосылған.
Жазған Әзмұхан Ахметұлы КЕНЕСАРИН
Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. 1338 папка. 1-2 беттер
№167
Справка — 1038
Аблай имел 30 сыновей, самый младший Касым-хан от младшей жены калмычки.
Касым в 1840 году кокандцами отравлен в Карнаке и I. охоренен в Туркестане рядом с Аблаем в мазаре Хазрет-Яссави.
Сыновья Касыма — Сарджан и Есенгельды в 1836 году обманные путем были убиты кокандцами в гор. Аулие-Ата (ныне Тараз). Кенесары в 1847 г. был убит киргизами под водительством манапа Таштанбеков. Голова Кенесары последним была приподнесена генерал-губернатору, князю Горчякову в знак покорноет. За что манап Таштанбеков был награжден князом Горчяковым серебряной медалью. (Степняк. Материалы к истории султана Кенесары. Ташкент, 1923 г.).
Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. 1338 папка. 3-4 беттер
№168
Созақ ауданының Қызылкөл, Құрсай колхоздарында Кенесарының бел баласы Оспанның баласы Арыстан және Әбубәкірдің т.б. балалары бар.
Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. 1338 папка. № 6. Кенесары-Наурызбай жинаушы Есіркепов Күмісбек. 1-бет.
ЕСКЕРТУЛЕР – ПРИМЕЧАНИЯ
Гасфорд Г.Х. - (1792-1874жж.). 1854 жылы Батыс Cібір мен Қазақстанның солтүстік батыс аймағын басқарған.
Головачев Н.Н. - 1867-1877 жылдары Сырдария облысының генерал-губернаторлығы кызметін атқарды..
Жантурин Ахмед — Орынбор қазақтарының шығыс бөліміне басшылық етті.
Кауфман К.П. - (1818-1885жж.). Орыс инженер генералы, генерал-адютант. 1867 жылдан Түркістан әскери округының генерал-губернаторы және округ әскерилерінің қолбасшысы.
Кенесарыұлы Ахмед - (1842-1888жж.) Шымкент yeзі бастығының кіші көмекшісі қызметін атқарған.
Кенесарыұлы Жапар - туған және өлген жылдары белгісіз. 1851 жылы орыс қолына тұтқынға түсіп, Ресей өкіметі тарапынан көп қуғындалған. Мұрағат құжаттарында ecімі Жағыпар, Яппар, Джафар, Джагфара деп кездеседі.
Кенесары Касымұлы — 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келіп - 1847 жылы Қырғызстандағы Кекілік-Сеңгір деген жерде қаза тапқан. 1837-1847жж. Ресей империясының отарлық саясатына қарсы күрескен. Ұлт-азаттық қозғалыстың қолбасшысы.
Кенесарыұлы Сыздық —(1837-1910жж.). Әкесі Кенесарының күрес жолының жалғастырушысы. Ресей империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны отарлауы кезінде табанды қарсылық көрсеткен. Орыс деректерінде оның есімі Садық, Сыздық, Сыдық, Ситтик деген аттармен белгілі болған.
Саржанұлы Қошқарбай — туған және өлген жылдары белгісіз. Ресей империясына қарсы күресіп, Сыздық сұлтанды қолдаған. Осы әрекеті үшін қуғындатып, Сібір жеріне жер аударылған.
Черняев М.Г. - (1828-1898жж.). Орыстың әскери және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант. Ол Әулиеата, Шымкент және Ташкент қалаларын басып алуы кезінде қатыгездігімен тарихта қалған.